Күшілік хан(1176-1218)
Белгілі тарихшы, академик Зардыхан Қинаятұлының ғылыми зерттеуіне сүйенсек, Күшілік хан шамамен 1176 жылы дүниеге келген. Нақты жылы белгісіз. 1176 жыл — ең кең тараған ғылыми болжамның бірі.
Найман ұлысының батыс ордасы — қазіргі Күршім ауданы. Таян ханның ұлы Күшілік хан да осы Күршімде дүниеге келген. Қырғыз зерттеушісі Муса Сапаев «Найман тарыхы» кітабында Күшіліктің найман мемлекетінің тұрақты ордасы Зайсан көлі қыстағында 1170 жылы дүниеге келгенін жазады. Бұл туралы Жемаль Карши де жазған. Муса Сапаев Нарқыш Таянның да осы ордаға келіп, өкімін айтып, дала жұрттағы жайлауға жазда келетінін жазған. В.В. Бартольд – “Түркістан в эпоху монгольского нашествия” (1898, 2-басылым, 1963 ж.) «Найман тайпаларының негізгі мекені Ертістің жоғарғы ағысында,Зайсан көлі мен Алтайдың етегінде болған.Күшілік осы өңірден шыққан найман хандары әулетінен еді.»
Барлық жазба деректер Күшілік ханның туған жері — қазіргі Күршім ауданы екенін дәлелдейді. Шыңғыстау — найманның басты қыстауларының бірі. Күшілік — ханзада. Ол ұлыстың әр қыстауын аралап, ел билеуді үйренген.
Демек, бала күнінде
Шыңғыстауда(Наймантау) да болған.
Найман мемлекеті өркениетті және жақсы ұйымдасқан елдердің бірі болды. Шығыстағы жазу-сызу, кеңселік хаттамалық іс-қимылдардың жүйеленуі, мөр төлеу тәжірибесінің болуы, шет мемлекеттермен елші алмасу, заңдарының бірізділігі — осының барлығы оны сол дәуірдегі өркениетті жұрттардың қатарына жатқызады. Осы тұрғыдан қарағанда Күшілік — ілім-білімді меңгерген, жастайынан мемлекет ісіне араласқан, хан ордасындағы тәрбиеден өткен, өз орнын білетін ханзада.
Шыңғыс хан 1205 жылдың қысы Алтайдың наймандардан босаған оңтүстік бөктерінде, аттары қазіргі топонимикаға сай келетін Сарытау мен Жылытауда өткізуді жөн көрді. Сарытау — Күршім ауданы, Маралды ауылының оңтүстігіндегі жотаның ескі аты. Жылытау — Күршім ауданының Қалғұты ауылына қарайтын қыстау, бұрын ауыл болған. 1205 жылы Шыңғыс хан қазіргі Күршім ауданының Маралды — Қалғұты арасында қыстап шыққан. Шыңғыс хан Күшіліктің ізі суымаған қыстауына келіп орда тіккен. Қыс бойы әскерін қайта жарақтап, толықтыра түседі.
Бұл мекенді таңдап алуының екінші себебі — найманнан алған жердің батыс шекарасын Күшілік пен Тоқтайдың шабуылынан қорғау болды.
Осы Жылытаудан көктемге қарай Шыңғыс хан Ертістің оң жағалауы мен Бұқтырма өзенінің бастау алар жеріндегі қауіпсіздігін барлауға шығып, ұрысқа дайындалып жатқан наймандар мен Меркіттердің біріккен қолына тап болды.
1208 жылы Бұқтырма өзенінің бойында қырғын соғыс болды. Шегіну барысында Ертістен өткел таба алмай, көп адам суға кетеді. Бұл қазіргі Жаңа
Бұқтырма жері. Ұрыс басталған сәтте алыстан атылған жебеге ұрынып, Тоқтабек қазаға ұшырайды. Көп ұзамай Меркіт-Найман әскері батысқа қарай шегінеді.
Күшілік әскері Қара Ертістің ең тар, бірақ терең және ағысы қатты бөлігінен өтті. Өзен түбі күрт төмендейтін иін болған. Соған қарамастан, бұл Ертісті кесіп өтудің жалғыз мүмкін жері еді. Бұл қазіргі Күршім ауданындағы Ақсуат ауылдық округіне қарайтын, Аманат тұсынан Ертісті кесіп өтті. Күшіліктің шешімі батыл әрі стратегиялық тұрғыдан дұрыс болды. Әскерінің көпшілігі суға кеткен, арғы бетке санаулы кісімен ғана өткен
Күшілік Жетісу — Қарақытай хандығына бет түзейді. Күршім жәй ғана аудан емес, әлемдік империяның тағдыры шешілген жер.
Ертістен өткеннен кейін Күшілік әскері Зайсан көлінің шығыс және оңтүстік бөлігімен, Маңырақ, Шілікті аңғары арқылы жүрді. Бұл аңғар — ежелгі керуен жолдарының торабы, су мен жайылымға бай аймақ. Әскер осы арада тынығып, қайта топтасты. Күшілік кездейсоқ барған жоқ. Ол Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын білген. Әскерін аштан өлтірмей, сол жолмен алып өткен.
Күшілік жасағы Тарбағатай жотасын асу арқылы Алтайдың арғы бетіне өтті. Бұл қазіргі Ақсуат ауданының жері. Абай облысы, Ақсуат ауданының орталығы. Зайсан көлінен 180 км оңтүстік-батыста. Ақсуат ауданының аумағында қыстауы әбден мүмкін. Ақсуат — Тарбағатайдың күнгейіндегі, қысқа қолайлы дәстүрлі қыстау. Зайсаннан да, Күршімнен де жылы.
Картаға қарап сөйлейік. Екі Ақсуатты Зайсан көлі ғана бөліп тұр.
Бірақ бұл екі бөлек тарихигеографиялық аудан. Күршім Ақсуаты — «Аманат Ақсуаты». Ол жер Ертіс өзенінің оң жағасы, Зайсан көліне құяр саға. Күнгей беттегі Ақсуат — аман қалудың жалғыз жолы. Қысты осында өткізіп, көктемде асу арқылы өтіп, Қытай Алтайындағы Еміл аңғарына шыққан. Еміл-Көксу өзендері арқылы Іле мен Шу бойына жетеді.
Күшілік қашқан жоқ. Ол стратегиялық шегініс жасаған. Аманаттан Баласағұнға дейін — ойластырылған әскери операция.
Күшіліктің негізгі қолы Жетісуға кетті.
Шаршаған, жаралы, мал-жаннан айрылған топ Маңырақ, Зайсан, Күршімде қалып қойды.
1208 жылы Күшілік
Баласағұнға жақын Шу бойына келіп, Қарақытай гүрханы Йелүй Чжилугу қабылдайды. Рашид ад-Дин:
«Қарақытай гүрханы Күшілікті ерлік пен ақылына қарап, өз қызына үйлендіріп, әскери қолбасшы етті» — деп жазады.
Сонша қуатты болған Қарақытайға Күшілік неге еш қарсылықсыз хан болды? Яғни, олар Күшілікті бөтен көрмеді.
Меркіттер Ертістен өтіп, қыпшақтар мен қаңлылар жеріне ауады. Наймандардан кейін бұл өңірде енді Шыңғыс ханды тоқтата алатын күш қалмаған еді. Ал содан кейін Шыңғысханның бүкіл Еуразияны, Таяу Шығысты, Шын-Машынды жаулап алуына үш-ақ жыл уақыт жеткілікті болды.
Күшілік Батыс Лиау мемлекетін паналап, Бесбалықта тентіреп кеткен елін қайтадан жиып алды. Көп уақыттар бойы Қашқарды билеп тұрды. Содан кейін сол Лиау елінің билігін де тартып алды. Бесбалық — қазіргі ҚХР-дың ШыңжаңҰйғыр автономиялық ауданы.
Қарақытай гурханы Хорезмшахты жаулап алуды армандайтын. Күшілік ханның найман арасында беделі бар екенін білетін.
Хорезмшах наймандардың шабуылынан қорқып, оларға Сырдария өзеніне дейінгі жерлерді — Сайрам, Ташкент және Ферғананың солтүстік жағын бөліп берді.
1212 жылы Күшілік әскермен қарақытайлық әміршілерді тақтан тайдырып, өзі хан тағына отырады.
15 жылға таяу уақыт осы хандық Күшіліктің билеуінде болған. Қарақытайда Күшілік билеген алты жылды, 1212–1218 жылдарды, моңғол деректерінде «Қарақытайлық найман елі» деп санайды, Инжинаш В. «Хөх судар», I том, 419 б. Кейбір авторлар тіптен «Найман империясы» деп атаған кездері бар, Барманкулов М. Хрустальные мечты тюрков о квадра нации. Алматы, 1999, с. 368.
Қарақытай мемлекетінің және кейін Күшілік ханның негізгі ордасы — Бесбалық, Еміл, Қойлық өңірі. Күшілік хан Бесбалық, Еміл, Қойлық өңіріне қоныс аударған найман, керей, меркіттерден әскер, ат-көлік жинап күшейіп алды.
Қойлық, Антоновка: Алматы облысының Сарқан ауданында, Лепсі мен Ақсу өзендерінің аралығында.
1960–1980 жылдары Кемел Ақышев пен Г.И. Пацевич бастаған қазба жұмыстары кезінде үлкен керуен-
сарайлар, мешіт орындары, күйдірілген кірпіштен салынған әкімшілік ғимараттар табылған. Қазір бұл нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы — Жібек жолы ескерткіштері тізіміне енгізілген. Қойлық — Күшілік ханның әкімшілік орталығы және сауда бекеті.
Алмалық: Іле аңғарында, қазіргі Қорғас өзенінің бойында, Қытаймен шекара маңы. Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент пен Қорғас арасындағы аймақ. Алмалық — Күшілік ханның уақытша ордасы және саяси кеңес өткізген жері.
Іле өзені Алмалық пен Қойлықты байланыстырып тұрған басты өзен арнасы.
Қойлық, Алмалық, Баласағұн және Текелі өңірі — Қарақытай мен кейін Күшілік хан билігінің орталықтары. Текелі мен Талдықорған арасындағы өңір XII–XIII ғасырда да қоныстанған, тауаралық жайылымдық аймақ болған. Мұнда орда емес, әскери тұрақ, күзет немесе керуен жолдарының торабы болуы ықтимал.
Баласағұн — астана, ресми билік орталығы.
Қашғар — шығыс астана.
Гурхан билігін басып алғаннан кейін Күшілік Баласағұн, Өзгент, Қашғарға дейінгі барлық қалаларға билік жүргізді. Гурхан құлағаннан кейін
Күшілік Қарақытайдың толық мемлекеттік құрылымын мұра етті, ал Баласағұн императорлық орда ретінде қалды.
Шыңғыс хан әскерінен 1204 жылы ұтылған найман мемлекеті қайта жаңғырғандай еді. Арада сегіз жыл өтпей жатып, Қарақытай империясының билігін найманның билеуші әулеті өз қолына алды.
1218 жылы Жебе ноян қолы Алмалыққа келіп жетті. Ұйғырдың идиқуты Барчук Жебеге көмекке келді. Жебе басқарған моңғол әскері келе сала әскери соғыс емес, идеологиялық майдан ашты. Барлық кінәні Күшілікке арта салып, өзін жергілікті мұсылман тұрғындары алдында исламның жауы емес қылып көрсете білді. Халық Жебе ноян жағына шығып кетті.
Моңғол әскері 1218 жылы қазіргі Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасындағы Бадахшан елді мекенінде наймандарды қуып жетті. Күшілікті бүкіл найман-қарақытай мемлекетінің мол қазынасымен қолға түсірді. Күшіліктің басы кесіліп, Ертіс жағалауында отырған Шыңғыс ханға жіберілді. Бұл жер қазіргі Күршім ауданы, негізгі жазғы ордасы болған.
Қыстағы Наймантау — қазіргі Шыңғыстау.
Жорық 1219 жылдың қыркүйегінде Шыңғыс хан жазды өткізген Ертіс өзенінің бойынан басталды. Оның жазғы ордасы орналасқан ең қолайлы жер — Зайсан көлі маңы. Бұл көлге шығыстан Қара Ертіс құяды, ал солтүстігінен Ертістің өзі ағып шығады. Бұл өңір — кең жазық, шөбі мен суы мол, үлкен әскердің ұзақ уақыт аялдауына қажеттінің бәрі бар жер. Бұған қоса, бұл аймақ — қосымша әскер мен жабдық келетін ыңғайлы түйісу нүктесі болған.
Хорезмшахқа қарсы жорыққа Шыңғыс ханмен бірге оның вассалдары да өз жасақтарымен қосылды. Қарлұқ Арслан-хан мен Сукнак-тегін өз әскерлерін Жетісудан, ал ұйғыр идиқуты Барчук — Шығыс
Түркістаннан алып келді. Осы жасақтардың барлығы үшін жиналуға ең ыңғайлы орын — Зайсан көлі маңы еді.
Жорық Жетісу арқылы өтетін маршрутпен жүрді. Сондықтан әскер Зайсан маңынан батысқа қарай бет алып, Аягөздің орта ағысына дейін жетіп, сол жерден Тарбағатай жотасы аяқталатын, Жетісу өңіріне өтетін жолмен оңтүстікке бұрылды.
Шыңғыс ханды 1219 жылы жазды дәл осы өңірде өткізуге итермелеген басты себептердің бірі — Алтайдың бұл бөлігі ежелден темір өңдеу мен металл ісі дамыған ірі шеберлік орталығы болған. Сондықтан ол үлкен жорық алдында әскерін толық қаруландырып, қосымша қару-жарақ пен азық-түлік қорын жинақтай алды.
Шыңғыс ханның лагерінен оңтүстік-батысқа қарай, Жетісу өңірінде сол кезде қолөнер мен сауда дамыған ірі қалалық аймақ орналасқан еді. Онда Көксу өзені бойындағы ИкиОғыз, қарлұқ ябғуының астанасы Қаялық сияқты қалалар болды. Ең ірі қала — Талғар. Ол 60 кварталдан тұрып, шамамен 9 гектар аумақты алып жатқан, ал рабад шамамен 30 гектар болған. Моңғол жорығы басталар алдында Талғар — Жетісудың ең ірі өндірістік орталығы болған. Ол Зайсан маңындағы моңғол лагерінен Сырдария бойындағы қалаларға апаратын жолдың дәл ортасында орналасқан және сол жорықтағы негізгі базалардың бірі болған.
«Елді Будда дініне күштеу арқылы Түргеш, Қарлұқ заманынан, одан Қарахан-Селжүк дәуірінен бері қалыптасқан көпшілік мұсылман халқының ашу-наразылығын тудырып алды» — деп тарихта жазылған. Қазіргі түсінік бойынша Күшілік хан болашақ қазақ жерін кеңейтті, жерін, елін қорғады, түркі халықтарын біріктірді.
Найман мен Қарақытайдың соңғы ханы осылай көз жұмады.
Найман тайпаларының негізгі бөлігі өздерінің қоныстарында қалады. Жекелеген бөліктері қырғыз, өзбек, қырым татарлары, қарақалпақ, ноғайларға қарай ауып кетеді. Өзбектер арасында қазақ-наймандар, ұйғырлар арасында ұйғыр-наймандар бар. Оларда «қожа найман», «би найман», «құл найман», «мырза найман» деген рулар бар. Жалпы түркі-моңғол халықтарында кең таралған башқұрт, моңғол, бурят, Алтай, хазар наймандары да бар.
1218 жыл — бірнеше жүзжылдық тарихы бар найман хандығының ақыры. Күшіліктің соңынан ерген елдің бірі тау ішінде қалып, кейіннен қырғыз жұртының құрамына енді, енді бірі жоғарғы Ертіске оралды.
Әлқисса, 20 жыл бойы Шыңғыс ханмен алысып, жағаласып жүріп жағасын жыртқан найманның Күшілік ханының ерлікке де, қателікке де, қаталдыққа да толы жанталасқан өмірі осылай аяқталды. Наймандар 1204 жылдан 1218 жылға дейін балаларының бас бостандығы, елінің бүтіндігі үшін Күшілік ханның бастауымен соңғы жебесі таусылғанша соғысты.
Бүкіл әлемнің жартысын ат тұяғымен басып өткен Шыңғыс ханның қаһарлы қолының бетін алғаш қайтарып, оларды Ертістің сол қапталындағы өңірге жібермей, 20 жыл бойы жолын бөгеген айбарлы күш иесі — найман хандарының соңғы ханы
Күшілік.
Шыңғыс найманның соңғы ханы жекпе-жекте өліп, басын алып келгенде балаларын жинап, жансыз басты ұстап отырып:
— Артында мынадай ұл қалған найманның Таян ханында не арман бар? — депті.
Сонан соң басты ханға лайық құрметпен жерлеуді тапсырыпты, яғни Күршімде жерленген.
— 20 жыл беріспей соғысып, мені әбден шыңдаған найман еді. Енді кім менімен нақ осынша соғысады, кім қайратымды қайрайды? Найман енді менің ең сенімді серігім, — деп Кетбұқа биге иығындағы шапанын жауып, оң жағынан орын беріпті. Бұл енді Кетбұқаны Шыңғыстан өзге ешкім жазаға тарта алмайды деген сөз.
1204 жылы моңғолдардан жеңілген соң, Күшілік мемлекетті толық жоғалтқан жоқ. Ол батысқа көшіп, найман мемлекеттілігін Жетісуда қайта орнатты. Қарақытай мемлекетін басып алып, жаңа орда құрды. Бұл орда — найман империясының жалғасы, яғни екінші кезеңі болды.
В.В. Бартольд: «Күшілік хан қарақытай елін найман мемлекетіне айналдырды, бұл Жетісудағы соңғы түркі патшалығы еді.»
Мұсылман шежірешілері АтаМәлік Жувейни, Рашид ад-Дин
Күшілікті «дінді қудалаушы» ретінде бейнелейді. Алайда бұл айыптаулардың негізінде діни емес, саяси себептер жатқан еді. Сол кезде Хорезмшах Мұхаммед исламды саяси құрал ретінде пайдаланып, Жетісу мен Қашғарды өз ықпалына тартуға тырысты. Күшілік хан болса, осы ықпалға қарсы тұрып, жергілікті тәуелсіз билікті қорғады. Демек, оның «дінге қарсы» ісі — шын мәнінде Хорезм ықпалына қарсы мемлекеттік саясат болатын.
Қазақ жерінің тұтастығына қосқан үлесі: Оның билігі тұсында найман, керей, қарлұқ, дулат, шігіл, тухси секілді іргелі тайпалар біріктіріліп, Жетісу мен Іле бойында болашақ қазақ жерінің негізі қаланды.
Егер Күшілік ханның күресі болмағанда, бұл өңірлерде қазақтардан өзге де мемлекеттер қалыптасуы мүмкін еді.
Наймандар Шыңғыс ханның басқыншылық саясатына, қанқұйлы қылығына қарсы тұрды. Көшпенділерге мемлекет құрып берген Шыңғыс хан емес. Түргеш, Қарлұқ, Қимақ, Хазар қағандықтары мен Қарахан, Оғыз, Қыпшақ хандықтары және Қарақытай империясы, найман, керей, меркіт, оңғұт, қыпшақ, жалайыр, тоғыз оғыз хандықтары сияқты мемлекеттер болған. Моңғол империясы солардың шапанынан шыққан мемлекет.
Күшілік хан жауға басын имеген, тізесін бүкпеген, ар-намысын асқақ ұстаған ержүрек еді. Елі үшін, жері үшін қасық қанын садақа еткен тұлға. Ерлік ешқашан өшпейді, ол мәңгілік жадымызда сақталады.
Бабам жеңілген жоқ. Бабам — елімнің намысы. Түріктің сынбаған қылышы.
Аруағы риза болсын. Ұрпағы ұмытпасын.
