Ақтамберді Сарыұлы (1675-1768) – белгілі қолбасшы, жырау, қоғам қайраткері
Жорық жыраулары. Бұл бір өзгеше əлем! Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбеттен басталып, Махамбетпен аяқталатын дəстүр. Олар таңды-таңға жалғастырып (Сыпыра жырау, Мұрын жырау), ұзақ дастандар жырламайды, сөзден өрнек теріп, пəлсапалық толғаулар мен ақылгөй термелер (Майлықожа, Тұрмағамбет, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Мəделіқожа) шығармайды. Əсем табиғат пен сұлу қыздың кірпігіне сұқтанып (Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Əсет, Естай) отыра алмайды. Оған уақыты да жоқ. Жорық жыраулары! Олар Абай, Шəңгерей сияқты заманынан озық білім алып, төрт қатын алып, қазы-қарта мен қымызға тойып, қарнын тыр-тыр қасып, қалам ұстап шалқайып жата алмайды. Олар əрқашан оқ пен оттың ортасында жүреді. Азынаған жебелер мен қайшыласқан қылыштардың өтінде жүреді. Жырларын сол жерде жалаң қылыштай суырып салады. Судай аққан қан мен ащы тердің иісімен, аруақтап айғайлап барып оққа ұшқан, ат жалын құшып барып, жерге сұлап түскен қайран батырлардың соңғы демімен, ауыр күрсінісімен бірге тыныс алады. Олар ел қорғаудың, жер қорғаудың, дұшпандарға қарсы күрестің, идеологиялық жаршылары, əрі батыр, əрі ақын. Политрук дейсіз бе, комбат дейсіз бе – өзіңіз біліңіз... Ақтамберді де тап солардай жорық жырауы! (Серік Аташ).
Оңтүстік Қазақстанның Қаратау тау бөктерінде дүниеге келген. Ол 10-12 жасынан бастап өзінің ақындық қабілетімен көзге түскен. Өлеңдерінде қазақтың тұрмысын, отбасы мен Отанын жырлауға ден қойған. Жырау 17 жастан бастап қалмақтармен, Орта Азия билеушілерімен шайқастарға, сондай-ақ, тарихқа «Ақтабан шұбырынды» деген атпен енген көптеген оқиғаларға қатысқан. Ол жоңғар шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі болды. 17381752 жылдары жоңғарлармен болған барлық шайқастарға қатысқан. Ақтамберді батыр 70 жыл бойы туған жерін жаудан қорғады, ол атақты шешен, беделді би, белгілі ақын болған. Ақтамберді өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Əлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен, ханым, ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» жəне тағы басқа өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күйсезімдерге толы. Ақтамбердінің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады. Шығармашылығында əсіресе жылқының көшпенділердің өміріндегі орны мен рөлі туралы ойлар жеке орын алады. Атты «ер қанаты» дей отырып, оны батырдың серігі ретінде бейнелейді. Ақтамбердінің толғаулары мен жырлары С. Мұқановтың «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы əдебиетінің тарихынан очерктер» (1942), «Ертедегі əдебиет нұсқалары» (1967), «Алдаспан» (1971), «ХV–ХVІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1982), «Бес ғасыр жырлайды» (1985), жинақтарына енгізілген. Жырау 1768 жылы Семей облысының Абай ауданына қарасты Жүрекжота мекенінде дүниеден өткен. Жалпы, Ақтамберді толғауларының өн бойынан Отанға деген сүйіспеншілік, ерлікті əспеттеп, ел тəуелсіздігін ардақтаған отты жырларды байқаймыз. Əсіресе жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» деген ұзақ толғауының екпіні ерекше:
Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз?! Күдеріден бау тағып,
Қамқапты киер ме екенбіз?!
Майданда дабыл қақтырып,
Ерлердің жолын аштырып,
Атасы басқа қалмақты
Жұртынан шауып, бостырып,
Түйедегі наршасын,
Әлпештеген ханшасын
Ат артына мінгізіп,
Тегін бір олжа қылар ма екеміз?!
Ақтамберді Сарыұлының шығу тегін бірде Ұлы жүз, кейде Кіші Жүз деп көрсетіп жүр. Бұл, əрине, тарихи шындыққа жатпайды. Өйткені, Ақтамберді Сарыұлы Орта жүзге жататын Найман тайпасының Қаракерей руының ішіндегі Сыбан тармағынан. Ақтамберді Сарыұлы қазақ халқының тыныштығы үшін жанын таразыға салған айтулы тұлға. Ақтамберді жыраудың бейіті Абай облысының Абай ауданына қарасты Құндызды ауылы жанындағы «Жүрекжота» атты төбенің басында жатыр. Ал Ақтамберді Сарыұлының тікелей ұрпағы Мұхаметқали Ақынтаевтан бүгінде Марат, Жанатбек атты екі ұл, Бəдигүл, Нұргүл, Лəззат, Гүлзира атты төрт қыз қалған. 1944 жылы туған Марат Ақынтаев Таскескен ауылында тұрады. 1962 жылғы Жанатбек Үржар ауылында. Қабыланнан тараған Қайрат, Бораш Сепбосыновтар да үлкен қызметкерлер. Ал Бойтанның ұрпақтары Қуандық, Ерлан Ожаровтар бабалары жайында шежіре жинақтап жүрген көрінеді.

Нұрғайни Манапқызы Мұқанова